ЕҚЫҰ Қазақстанда «жасыл» технологияларды дамыту мәселелеріне арналған конференцияның өткізілуіне қолдау көрсетті
Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі Бурабай Орхусс орталығымен бірлесе отырып, 2015 жылдың 27 наурызында, Бурабайдағы Щучинск-Бурабай шипажай аймағында «жасыл» технологияларды дамыту мәселелеріне арналған конференцияны ұйымдастырды.
Парламенттің, аймақтық және жергілікті әкімшіліктің, жеке және үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың 50 жуық өкілі мен отандық сарапшылар конференцияның жұмысы барысында қонақ үй бизнесінде электр энергияның тиімді пайдаланылуы, көмірқышқыл газ шығарындыларын және су ресурстарының ластануын азайту, қалдықтарды бақылау және кәдеге асыру, шипажай аймақтарында энергияның балама көздерін пайдалану мәселелерін талқылады.
Іс-шара осы өңірде экотуризмді дамыту және туристік қызметтің қоршаған ортаға келтіретін кері әсерін азайту мақсатында табиғат қорғау жобалары мен технологияларының тиiмдi пайдаланылып отырылғанын көрсетуге бағытталған. Мұндай шара Астана қаласында болашақтың энергиясы тақырыбында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі қарсаңында өзекті болып табылады. Жиынға қатысушылары осы саладағы іс-қимылдардың жүзеге асырылуына арналған ұсынымдарды әзірлеп, ұсынатын болады.
Аталмыш шара Офистің Қазақстанда «жасыл даму» ұстанымдарын алға тартуға бағытталған қызметінің аясында өткізілді.