ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар Офисі Шекара академиясына жол жүру құжаттарын тексеретін құрылғыларды ұсынды
ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар Офисі 2020 жылы 25 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясымен қайырымдылық туралы келісімге қол қою кезінде жол жүру құжаттарының растығын тексеруге арналған 25 құралды сыйға тартты. Академия осы құрылғыларды қазіргі және болашақ шекара бақылаушыларын жалған жол жүру құжаттарын анықтауға үйрету үшін қолданады.
«Біз Қазақстанға шекара қауіпсіздігі мен шекараны басқарудағы қолдау көрсету шеңберінде осы құрылғыларды жол жүру құжаттарын тексеру үшін ұсынамыз. Бұл құрылғылар өздерінің пайдалылығын қазірдің өзінде шекарашыларды оқыту үшін ғана емес, ең бастысы, іс жүзінде дәлелдеді», - деді ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар Офисінің басшысы Дьердь Сабо. «Біз бұл құрылғылар Академияның мүмкіндіктерін арттырып, курсанттар мен басқа да шекараны бақылау мамандарын даярлауға ықпал ететініне сенімдіміз».
Шекара академиясының бастығы, полковник Павел Поливанов: «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар Офисінің академияның жол жүру құжаттарын тексеру саласындағы оқу-әдістемелік әлеуетін күшейтуге қосқан үлесін құптайды. Біз 2021 жылы ЕҚЫҰ Офисімен бірлескен іс-шаралар кезінде оқытуға арналған алаң ұсыну арқылы ынтымақтастығымызды жалғастыруға дайынбыз және ЕҚЫҰ ұйымдастырған кез-келген іс-шараларда нұсқаушылық қолдау көрсетіп, шекара қауіпсіздігі мен шекараны басқару саласындағы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», - деді.