Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі «Жаңа бастаушыларға арналған адам құқықтары фестивалін» қолдауда
Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен «Жаңа бастаушыларға арналған адам құқықтары фестивалі 2020» аясындағы онлайн-талқылаулар топтамасы 2020 жылы 27 қазанда басталды. Фестиваль адам құқықтары мен оларды қорғаудың маңыздылығы туралы жергілікті қоғамдастық өкілдерін ағарту мен хабардарлығын арттыру үшін бірқатар іс-шараларды көздейді.
ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисі мен Адам құқығы қорғаушыларының жаңа буыны Коалициясымен бірлесе ұйымдастырылып отырған үш күндік онлайн іс‑шара 35 жуық қатысушыны жинады. Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, азаматтық қоғамның жергілікті сарапшылары және ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы мен Amnesty International халықаралық сарапшылары қатысуда.
Олар COVID-19 пандемиясы аясында адам құқықтары саласындағы білім беруге, ақпаратқа қол жетімділікке, сөз бостандығына және соған байланысты шектеулерге қатысты негізгі үрдістер мен сын-тегуріндер туралы сөз қозғайды. Қоғамдағы осал топтардың құқықтары және бұқараның заң шығаруға қатысуына ерекше назар аударылатын болады.
Қонақ дәрісі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі адам құқықтары қорғаушылары қолдана алатын цифрлық технологиялар құралдарына арналады.
Ашық пікірталастар 2020 жылдың қараша айында іріктелген қатысушыларға арналған бірқатар семинарлармен және адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жайында онлайн танысумен жалғасады.
Іс-шара Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елге адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды нығайтудағы қолдау жөніндегі қызметінің бір бөлігі болып табылады.