ЕҚЫҰ Қазақстанда Вена Құжатының нормалары бойынша әскери қызметкерлерді оқытуда
2019 жылдың 14 маусымында Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ қолдауымен 2011 жылғы Вена Құжатының іс жүзіндегі қолданысы және сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту бойынша аймақтық оқыту курсы аяқталды. Іс-шараға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия және Тәжікстаннан келген 30-ға жуық әскери қызметкерлер қатысты.
Беларусь, Франция, Германия, Венгрия, Италия және ЕҚЫҰ-ның Қақтығыстарды алдын алу жөніндегі орталығының әскери және азаматтық сарапшылары өз тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар Вена құжатының өзекті элементі болып табылатын сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары саласындағы дамуды, сондай-ақ тексеру рәсімдері, тәжірибемен алмасу мен қару-жарақ пен жабдықтар жүйелерін көрсету секілді оның жүзеге асу аспектілерін талқылады.
Оқыту курсы шеңберінде теориялық жаттығулар мен Қарағанды қаласының маңындағы 610-шы әуебазасына оқу тексеру сапары болды. Қатысушылар Вена құжаты баптарына сәйкес сәйкестілік пен тексеру бойынша бағалау жүргізіп, ішкі есеп дайындады.
ЕҚЫҰ барлық қатысушы-мемлекеттерімен қабылданған Вена құжаты мемлекеттерге өздерінің әскери күштері мен әскери қызметі туралы ақпарат алмасуды жүктейді. Сонымен қатар, құжатта сәйкестілік пен тексеру туралы баптар, мысалға тексерулер мен есептеме жүргізу мен беру, сонымен қатар тәуекелді азайту, әскери байланыстар мен ықпалдастық және әскери қызметтің нақты түрлері бойынша алдын ала хабарлама беру мәселелері, қамтылған.
ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі іс-шараны Қазақстанның Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ЕҚЫҰ Бішкектегі Бағдарламалар офисінің және ЕҚЫҰ Душанбедегі Бағдарламалар офисінің қолдауымен ұйымдастырды.
ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі Вена құжаты бойынша аймақтық семинарларды 2006 жылдан бастап ұйымдастырып келуде. Бұл іс-шара ЕҚЫҰ сенім және қауіпсіздік шаралары жөнінде хабардар болуды арттыру және өңірдегі қауіпсіздікті арттыру бойынша Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді қызметінің бір бөлігі болып табылады.