ЕҚЫҰ Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес жөніндегі оқу семинарын қолдауда
Адам саудасының құрбандарын заңсыз әкету, әкелу және тасымалдау арналарын анықтау және алдын кесу мәселелеріндегі полиция және шекара қызметі қызметкерлерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайту 2019 жылғы 30 сәуірде Шымкент қаласында аяқталған екі күндік оқу семинарының басты назарында болды.
Аталған іс-шараны Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі, Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің Халықаралық есірткімен күрес және заңдылықты сақтау бөлімімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Оқу семинарына Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары Ішкі істер департаменттерінің шамамен 20 өкілі, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Оңтүстік» Өңірлік басқармасының офицерлері қатысты.
Олар сауда қызметінің механизмдері, осы санаттағы қылмыстарды ашу ерекшеліктері, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық және ұлттық заңнама туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, курстың бағдарламасына адамдардың вербалды және бейвербалды мінез-құлқын терең психологиялық талдау техникаларын, сондай-ақ тәуекелдің нақты индикаторларын анықтау тәсілдерін зерделеу енгізілді. Тәжірибелік сабақтар қатысушыларға меңгерген жаңа білімдерін қолдануға мүмкіндік берді.
Бұл іс-шара адам саудасына қарсы күресте және ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындауда қабылдаушы елге қолдау көрсету бойынша ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің көпжылдық қызметінің бір бөлігі болып табылады.