ЕҚЫҰ Қазақстандағы цифрлық құқықтар бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогқа жәрдемдеседі
30 қаңтар мен 1 ақпан аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі цифрлық құқықтар бойынша үш күндік воркшоп өткізу арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы диалогқа жәрдемдесті. Іс-шара Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігімен, Орталық Азия бойынша БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (АҚЖКБ) Өңірлік кеңсесімен, сондай-ақ "Еркіндік қанаты", "Human Rights Consulting Group" және "Азаматтық Сараптама" секілді жергілікті ҮЕҰ-мен бірлесіп өткізілді.
Офис цифрлық құқықтарды реттеуге қатысты саясатты ұсыну және түсіндіру үшін тиісті мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам ұйымдарына платформа ұсынды. Іс-шараға қатысушылар, оның ішінде Жоғарғы Соттың, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері, құқықтар жөніндегі сарапшылар мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері бірқатар тақырыптарды талқылады: жеке деректер меншік құқығы ретінде, осал топтардың азаматтық технологияларды пайдалануы, интернет пен БАҚ еркіндігі, дербес деректерді қорғаудың гендерлік аспектілері. Тараптар өсіп келе жатқан цифрландыру мен адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттар арасындағы тепе-теңдікті іздеуге назар аударды. Бұл бірегей платформа әртүрлі тәжірибелер мен мүдделері бар тараптар арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамыта отырып, әртүрлі көзқарастармен бөлісуге мүмкіндік берді.
Өсіп келе жатқан цифрландыру цифрлық құқықтарды қорғау, инновацияларды ынталандыру және қарқынды дамып келе жатқан технологиялық ландшафтта демократиялық принциптерді сақтау арқылы қоғамның тұрақтылығын арттырудың маңыздылығын көрсетеді.
Іс-шара барысында азаматтық қоғамның мүдделі ұйымдары, ғылыми зерттеушілер, бизнес, медиа өкілдері және цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар, оның ішінде заңгерлер, Қазақстанда және басқа елдерде цифрлық құқықтарды реттеу жөнінде мәселелерді талдап, пікір алмаса алды. Бұдан әрі қатысушылар жеке деректердің құпиялылығы мен қорғалуына; азаматтық технологиялар мен шешімдер қабылдауға; БАҚ пен интернеттің еркіндігіне қатысты мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық үшін ұсыныстар тұжырымдады.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты дамыту және Қазақстанда тиісті салаларда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның әлеуетін арттыру жөніндегі өз жұмысын жалғастыра береді.