ЕҚЫҰ Қазақстанда дағдарыс жағдайындағы келіссөз жүргізушілер үшін оқыту курсын қолдайды
2018 жылдың 16-20 шілде аралығында Қосшыда өткен бес күндік оқыту курсының басты назарында бүкіл Қазақстаннан келген дағдарыс жағдайында келіссөз жүргізушілердің әлеуетін күшейту болды. Іс-шараны ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисі, Астанадағы Израиль елшілігі, Израиль Мемлекетінің Қоғамдық қауіпсіздік және полиция министрлігі, Қазақстанның Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Курсты израильдік полиция сарапшылары күдіктінің қарсыласуы немесе кепілдікке алу секілді дағдарыс жағдайына жауап беруде мемлекеттік қызметкерлерді үйрету және келіссөз процесін басынан аяғына дейін басқару мақсатында жүргізді. Тақырыптар қатарында белсенді тыңдау, жедел әрекет ету, келіссөздер топтарының құрылымы, уақытты басқару, келіссөздерде ақпарат жинаудың тактикалық рөлі, байланыс құралдары, үшінші тараптар және үйлестірілген жауапты ұйымдастыру болды. Бұл сессиялар израильдік полицияның тәжірибесінде болған нақты істерге негізделген техникалық талқылаулар мен практикалық жаттығулармен толықтырылды.
ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Диана Дигол: «Дағдарыс жағдайына қауіпсіз және тиімді жауап беру көбінесе кәсіби келіссөзшілерді талап етеді. Осындай бірлескен оқыту семинарлары шеңберінде мемлекеттік органдар осындай жағдайларда қоғамға қызмет көрсетуге және оны қорғауға дайын болады. ЕҚЫҰ басқа құқық қорғау органдарына төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы әлеуетін арттыруға көмектесуге дайын», - деді.
Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Михаэль Бродский былай деді: «Израильдің террормен күресте және төтенше жағдайларда келіссөздер жүргізуде үлкен тәжірибесі бар және біз бұл тәжірибені басқа елдермен бөлісуге дайынбыз. Израильдік сарапшылардың қатысуымен осындай курс Қазақстанда алғаш рет жүргізіліп жатыр, бұл екі ел арасындағы қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді».
Құқық қорғау органдары академиясының проректорының м.а. Шакир Шаяхметов мемлекеттік органдардың басқа елдерден білім алудың маңыздылығы туралы және курс қатысушыларының өздері қызмет ететін облыстарда әріптестерімен тәжірибе алмасу қажеттілігі туралы атап өтті.
Іс-шара терроризмге алып келетін зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен радикалдандыруға қарсы әрекет ету жөніндегі ЕҚЫҰ қызметінің аясында өткізілді.