ЕҚЫҰ Қазақстандағы көші-қон саясатын талқылау жөніндегі дөңгелек үстелді қолдайды
2017 ж. 3 қарашада Алматы қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен елдегі сыртқы, ішкі және этникалық көші-қонды реттеу бойынша жақында қабылданған 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасын талқылау жөніндегі дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге көші-қон және ішкі істер мәселелері жөніндегі орталық және жергілікті билік органдарының, бизнес қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың шамамен 40 өкілі қатысты. Бұл іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетімен ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Қатысушылар еңбек көші-қон саясаты саласындағы мәселелерге ерекше назар аударды және ең жақсы халықаралық тәжірибеге сәйкес көші-қон үдерістерін жақсарту жөніндегі шараларды белгіледі.
Іс-шара Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің әлеуетті арттыру және ең жақсы практикалармен алмасу арқылы еңбек көші-қон мәселелерінде тиісті басқаруды жылжыту жөніндегі көп жылғы жұмысының бөлігі болып табылады.