ЕҚЫҰ Орталық Азияда залалсыздандыру жөнінде өңірлік курсқа қолдау көрсетуде
2017 жылдың 16 қазанында Алматы қаласында ілгері деңгейдегі «Үш плюс» жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыруға ерекше көңіл бөле отырып, «Әдеттегі оқ-дәрілерді залалсыздандыру қызметін басқару» бойынша 40-қа жуық әскери және азаматтық сарапшыларға арналған ЕҚЫҰ-ның сегіз күндік өңірлік курсы басталды.
Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Түркменстаннан келген қатысушылар өздерінің басқару дағдыларын оқ-дәрі мен жарылғыш қаупі бар заттарды қауіпсіз, тиімді, сонымен бірге рационалды түрде залалсыздандыру бойынша халықаралық нұсқаулықтар мен озық тәжірибенің нақты талаптарына сәйкес жақсартады. Беларусь, Словения мен Біріккен Корольдіктің сарапшылары осы саладағы тәжірибелерімен бөліседі.
Курстың теориялық бөлігі Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласындағы «Бейбітшілік үшін әріптестік» оқу орталығында (КАЗЦЕНТ), ал практикалық бөлігі «Қазтехнологиялар» АҚ-ның Арыстағы залалсыздандыру пунктінде өтеді.
«Қазақстан әрқашан қару-жараққа бақылау және терроризммен күрес сияқты мәселелер бойынша халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып қала бермек. Біз сенімді нығайту мақсатында ашық диалогты қолдап, ортақ басымдықтарды анықтауымыз қажет», - деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жанындағы қарулануды азайту және инспекциялық қызметті қамтамасыз етуді бақылау жөніндегі орталықтың Бастығы полковник Әлібек Құлбаев. «Жалпы қауіпсіздік әр елдегі құрмет пен қауіпсіздікті талап етеді. Біздің мүдделеріміз де өте тығыз ұштасады және біздің тағдырымыз ортақ».
«Осы аптада сіздер теорияны оқып, жарылғыш заттарды залалсыздандыру туралы тәжірибе мен білім аласыздар. Бұл курстың сіз үшін пайдалы әрі қызықты ғана емес, сонымен бірге жаңа достарды табуға көмектеседі деп сенемін», - деді Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Ынтымақтастық жөніндегі орталықтың бастығы, полковник Амангелді Әубәкіров.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу: «Оқ-дәрілерді сақтау тек әскери қызметкерлердің ғана емес, сонымен қатар қару-жарақ қоймалары жанында тұратын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше жауапкершілікті талап етеді. Бұл ерекше ұқыптылықты талап етеді, ол іргелі рәсімдерді талдап, осы саладағы ең озық тәжірибені және халықаралық тәжірибені зерделеу арқылы күшейтіледі», - деп атап өтті.
Іс-шара Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисімен және Тәжікстандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисімен бірлесіп, Венадағы ЕҚЫҰ хатшылығының қолдауымен ұйымдастырылды. Оны АҚШ Мемлекеттік департаментінің қару-жарақты жою және қысқарту жөніндегі офисі, сонымен қатар «Адам қауіпсіздігін арттыру» атты халықаралық сенім қоры арқылы Оңтүстік Корея қаржыландырды.
Семинар жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыруға байланысты проблемалар мен сын-қатерлерді шешу мақсатында Орталық Азия мемлекеттері арасында бірлескен механизмді дамытуда ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді қолдауының бөлігі болып табылады.