ЕҚЫҰ Қазақстандағы еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтары жайлы баяндаманың таныстырылымына қолдау көрсетуде
АСТАНА, 14 қыркүйек 2017 ж. – Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен ҚР Сыртқы істер министрлігінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары комиссиясының Қазақстандағы еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтары жайлы сараптамалық талдау баяндамасының таныстырылымы өтті.
Жиынға Парламент өкілдерін, Сыртқы істер министрін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін, сот жүйесі өкілдерін, азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар өкілдерін қоса алғанда, 200 астам жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Аталмыш шара –ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының өз құқықтарын білуін арттыруға бағытталған ағымдағы жобасының бір бөлшегі.
«Қазақстан Республикасындағы еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалар» талдау баяндамасын Президент Н. Назарбаев мақұлдап, ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген.
Баяндама Комиссия мен мемлекеттік органдардың, құқық қорғау ұйымдарының, дағдарыс орталықтарының, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның (КҚХҰ) Қазақстандағы миссиясының, ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің және басқа да халықаралық ұйымдардың деректеріне негізделген. Баяндамада еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтарына қатысты ахуалға баға беріліп, олардың азаматтық, әлеуметтік, еңбек, экономикалық және мәдени құқықтарын қорғау жөнінде нақты ұсынымдар берілген. Бұдан басқа, баяндамада Комиссияның бұдан бұрынғы арнайы баяндамаларында ұсынылған ұсынымдарды енгізу бойынша арнайы зерттеулердің нәтижелері қамтылған.
Комиссия Төрағасы Қуаныш Сұлтановтың айтуынша: «Заңсыз көші-қон мен адам саудасымен күресте мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтары арасындағы өзара әрекеттестікті нығайтудың маңызы зор». Бұған қоса ол трафик құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы осындай ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Баяндамада мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар көрініс тапқан», – деп бөлісті ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысы Дьердь Сабо. «Осы аталған ұсынымдар халықаралық стандарттарға сай іске сәтті асырылуы мақсатында осы баяндаманы атқарушы органдар, құқық қолданушылар мен азаматтық қоғам мүшелері өз жұмыстарында кеңінен пайдаланады деген үміттеміз».
Іс-шара Офистің қабылдаушы елге адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттарға адамның фундаменталды құқықтары мен бостандығын арттыруға қолдау көрсету саласындағы ұзақ мерзімді жұмысының аясында өтті.