ЕҚЫҰ Қазақстандағы адам саудасымен күресу мәселелері жөнінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әлеуметтік жұмыскерлерге арналған оқыту семинарларының өткізілуіне қолдау көрсетуде
2017 жылдың 3 және 4 тамыз аралығында Ақтау қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған төрт оқыту семинарының соңғы семинарына Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары мен Ақтау қаласының 100-ге жуық құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әлеуметтік жұмыскерлері, жергілікті әкімдіктің өкілдері қатысты. Семинардың тақырыбы адам саудасына қатысты теориялық және практикалық мәселелердің төңірегінде болды.
Семинар барысында адам саудасының құрбандарына жәрдем көрсетілу стандарттарына, осы саладағы ұлттық және халықаралық заңнамаға, әлеуметтік оқшаулау мен азаматтық құқықтардан айырылу адамдарды адам саудасының құрбанына айналуға қалайша итермелейтіні жайлы мәселелерге, сондай-ақ құрсаудан шыға алған адамдардың әлеуметтік ортаға қайта қосылу және оларға өтемақы беру мәселелеріне баса назар аударылды.
Семинарлар топтамасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ АҚШ Қазақстандағы елшілігінің ынтымақтасуымен ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисі ұйымдастырды. Аталмыш семинарлар өткен жылы Алматы, Астана, Қарағанды және Шымкент қалалары мен олардың маңайында өткізілген шеберлік сабақтардың жалғасы болып табылады.
Бұл бастама – Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елдің халықаралық шарттар бойынша міндеттемелеріне сәйкес құқық қорғау мекемелері мен азаматтық қоғамның адам саудасы жайлы хабардар болуы мен әлеуетін арттыру жолындағы көп жылдық жұмысының бір бөлшегі.