ЕҚЫҰ Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша семинарды қолдауда
ШОРТАНДЫ, Қазақстан, 30 наурыз 2017 ж. – Бүгін Астана жанындағы Шортанды ауылында ЕҚЫҰ қолдауымен Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша екі күндік дөңгелек үстел басталды.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің одағымен бірлесіп ұйымдастырған іс-шара заң шығарушы органның өкілдерімен қазіргі кездегі бизнесті дамыту мәселелерін талқылау үшін платформаны ұсынады.
«Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі ауылдарда тұратын әйелдермен бірге қызмет атқаруды маңызды санайды, олар үшін өзін-өзі еңбекпен қамту жұмысқа орналасудың жалғыз мүмкіндігі болып табылады», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Басшысы, Елші Дьердь Сабо. «Біз бұл бастама арқылы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге, сондай-ақ елдегі гендерлік ұстанымды ілгерілетуге үлес қосуға үміт етеміз».
Дөңгелек үстелде Парламент, Шортанды ауданының әкімдігі және Ақмола облысының алыс аудандарынан келген кәсіпкер-әйелдердің шамамен 50 жуық өкілдері қазіргі кездегі кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды, несие алуда тап болатын мәселелерді, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысу кезіндегі қаржы дағдыларын үйренудің маңыздылығын талқылады. Дөңгелек үстелден кейін өңірдің ауылдық жерлерінде тұратын әйелдердің дағдыларын жетілдіруге бағытталған қаржылық басқару және бизнес жетекшілік бойынша оқыту семинары өткізілді.
«Қаржылық дағдыларды үйрену бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Сондықтан ауылдардағы әйелдермен жұмыс жасау және олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру аса маңызды болып келеді», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты және Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағының Төрайымы Меруерт Қазбекова.
Аталған іс-шара Офистің гендерлік ұстанымды және қабылдаушы елдегі экономикалық мүмкіндіктерді ілгерілетуге бағытталған көпжылдық жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.