Орталық Азияның жас сарапшылары ЕҚЫҰ Аустрия төрағалағымен шақырылған семинарда зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмді болдырмау мәселелерін талқылауда
АЛМАТЫ, Қазақстан, 12 мамыр 2017 ж. – Кеңейтілген Орталық Азия өңірінен (Ауғанстан мен Моңғолияны қоса алғанда) жас сарапшылар бүгін Алматыда терроризмге апаратын зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен радикалдандыруды (ТАЗЭР) болдырмаудағы өздерінің рөлін талқылау үшін екі күндік семинарға жиналды.
«Біздің үкіметтер мен азаматтық қоғам, әсіресе жас көшбасшылар, терроризмге апаратын зорлық-зомбылық экстремизм мен радикалдандырудың негізгі себептерін анықтау жөніндегі мақсатты стратегияларды бірлесіп әзірлеуге тиіс», - деді Жастар және қауіпсіздік жөніндегі ЕҚЫҰ Қазіргі төрағалығының Арнайы өкілі Асиф Сафдари. «Жастар Орталық Азия өңіріндегі бұл феноменді болдырмау және оған қарсы әрекет етуге жауапкершіліктің үлесін өзіне алуға дайын болуы тиіс».
Қырғызстаннан келген қатысушы Құндыз Қыдырова «зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы әрекет ету – бұл ұран емес, бұл іс-әрекеттер және практикалық шаралар болуы тиіс. Осы келелі мәселені шешу үшін біз оған деген өзіміздің қарым-қатынасымызды өзгертуге тиістіміз. Біз, жастар ретінде экстремистік насихаттың әсерін азайтуға арналған баламалы нарративтерді құруға және қоғамның назарын «біз кімге қарсымыз» дегенге емес, «біз кімбіз» және «біз неге өмір сүреміз» дегенге аударуға тиіспіз».
Экстремизм мен радикалдандыруға қарсы әрекет ету жөніндегі ЕҚЫҰ Қазіргі төрағасының Арнайы өкілі, профессор Питер Нойманн «жастарды, жергілікті және діни қауымдар мен азаматтық қоғамды тарту Орталық Азиядағы оң өзгерістерге бастамашылық ету үшін қажет. Ұлттық және жергілікті деңгейде мемлекеттік органдармен диалог пен сенім орнату зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмді болдырмаудың негізгі эдементтерінің бірі. Бұл талқылаулар өңірдегі жас көшбасшылардың қаншалықты әсерлі екенін және жағдайды жақсы жаққа өзгерту үшін олардың мүмкіндіктерінің қаншалықты зор екенін көрсетті».
Қатысушылар өз елдерінде әлеуметтік желілерді пайдалану тәсілдерін және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремистік насихат туралы контр- және баламалы нарративтерді насихаттау жөнінде кампанияларды ұйымдастыруды талқылайды. Сондай-ақ, олар бірқатар ұсынымдар әзірлеп, олар Венада 2017 жылы 23 және 24 мамырда өтетін терроризмге қарсы әрекет ету жөніндегі конференцияда ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттер өкілдері мен ынтымақтастық жөніндегі әріптестерге ұсынылатын болады.
Іс-шараны ЕҚЫҰ Аустриялық төрағалығы Астанадағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен «Біріккен ЕҚЫҰ зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы» кампания (#UnitedCVE) қамқорлығымен ұйымдастырды.