Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі семинарды қолдайды
ҚАРАҒАНДЫ, Қазақстан, 2013 жылғы 27 ақпан – ЕҚЫҰ қолдауына ие болған экстремизммен және лаңкестікпен күрес жөніндегі екі тренинг-семинардың алғашқысы бүгін Қарағанды қаласында аяқталды.
Екі күндік семинарды Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Бас Прокуратура Институтының, Ұлыбританияның ҚР елшілігінің және «Астана Центр Консалтинг» ҚҚ қолдауымен ұйымдастырды.
Семинар жұмысына құқық қорғау және аймақтық мемлекеттік органдардан 50-ден астам өкіл қатысты. Олар экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес, сонымен қатар радикалдылыққа және қоғамдағы төзімсіздікке алып келетін факторларды анықтау мәселелерін талқылады. Семинардың күн тәртібінде экстремизмді және лаңкестікті алдын алу үшін құқық қорғау, басқа да мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам арасындағы үйлестіру механизмдерін дамыту мәселелері де талқыланды.
«Радикалдылық мен лаңкестікке қарсы күрес ортақ өзара тығыз әрекет жасау арқылы жүзеге асуы тиіс. Тек осы жағдайда ғана елеулі нәтижелерге қол жеткізуге болады, лаңкестік актілердің қауіпі азаяды және құрбандар болмайды», - деп атап өтті өзінің сөзінде Эндрю Оффенбахер, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Саяси Офицері. «Дегенмен, адам құқығын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды бұзатын лаңкестікке қарсы шаралар кері салдарға ие екендігін естен шығармау қажет. Адам құқығын сақтау лаңкестікке қарсы күрестің ажырамас бөлігі болып табылады».
ҚР Бас прокуратурасы институтының директоры Салтанат Тұрсынбекова қатысушыларға сөйлеген алғы сөзінде келесіні атап өтті: «Дін тұту, діни экстремизм және лаңкестік мәселелері әртүрлі мемлекеттік құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен және бүкіл қоғаммен кеңінен талқыланып жатқан тақырып. Сондықтан бүгінгі семинарға мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, осы проблемаға маманданған жетекші ғалымдарды шақырғанымыз тегіннен тегін емес».
Семинарлар Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының лаңкестікке алып келетін экстремизмге және радикалдылыққа қарсы күресте Қазақстанға қолдау көрсету жөніндегі қызметінің бір бөлігі болып табылады.