ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы балалар саудасын алдын алуға жәрдемдесуде
АСТАНА, 28 маусым 2012 ж. – Бүгін Астанада балалардың осал топтарының саудасын алдын алудағы үздік тәжірибе алмасу бойынша ЕҚЫҰ ұйымдастырған халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы Білім министрлігімен, АҚШ елшілігімен, Феминистік Лига үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған форум қатысушыларға мүмкіндігі шектеулі балаларды қоса алғанда, осал топтағы балалардың саудасын алдын алу және мұндай қауіпті азайту жөніндегі стратегияны әзірлеуге бағытталған ЕҚЫҰ жобасының нәтижелерін талқылауға мүмкіндік берді. Аталмыш жоба бүкіл ел бойынша әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін өткізілген сегіз семинарды қамтыды.
ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының Басшысы, Елші Наталья Зарудная: «Орталық және жергілікті деңгейлердегі әлеуметтік қорғау және білім институттары қызметкерлерінің әлеуетін нығайту, азаматтық қоғаммен өзара әрекетін күшейту адам саудасы, әсіресе, халықтың осал топтарынан шыққан балалар саудасы мәселелерін тиімді шешуде маңызды рөл атқарады. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы әзірленген балалар саудасын алдын алу жөніндегі кітапшалар мен құралдар осы бағытта бұдан былай жұмыс атқару кезіндегі маңызды құралға айналмақ.».
Конференцияның жұмысына Парламенттің, Жоғарғы Соттың, Әділет, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Білім министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті кеңсенің, Бас прокуратураның, үкіметтік емес сектордың, халықаралық ұйымдардың 50 жуық өкілі қатысты. Орталық Азия елдерінің, Болгарияның, Грекия мен Ресей Федерациясының сарапшылары өз елдеріндегі балалардың осал топтарының саудасын алдын алу мәселесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісті.
Білім министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер: «Қазақстан БҰҰ Балалардың құқықтары жөніндегі конвенциясын қоса алғанда, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірқатар халықаралық шарттарды ратификациялады. Аталған халықаралық құжаттардың тиісті түрде іске асырылуын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, барлық негізгі ведомстволардың арасында тиімді өзара әрекет жүйесін құрдық. Біз адам, әсіресе балалар саудасын алдын алу жөніндегі бүгінгі конструктивтік диалог балалардың құқықтарын қорғау аясында бұрынғыдан да тиімді саясат жүргізуге көмектеседі деп сенеміз».
Бұл конференция адам саудасымен күресу саласында Қазақстанға жәрдем берудегі ЕҚЫҰ көп жылғы еңбегінің бір бөлігі болып табылады.