ЕҚЫҰ адам саудасы жөніндегі судьялар үшін оқу семинарын өткізуде
АСТАНА, 29 қараша 2011 ж. – Бүгін Астанада адам саудасына қарсы әрекет ету аясында ең үздік заңнамалық және соттық тәжірибесі бойынша судьялар үшін екі күндік оқу семинары басталды.
Аталмыш семинарды Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Мемлекеттік басқару академиясымен, Жоғарғы сотпен және Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен бірге ұйымдастырып отыр.
Италиядан, Ресей Федерациясынан, Қазақстаннан келген сарапшылар адам саудасымен күрес аясындағы қазіргі халықаралық нормалар мен ұлттық заңнамаға шолу жасап, халықаралық стандарттарға сәйкес болу мақсатында құрбандарды сот арқылы қорғауды жақсарту саласындағы өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының Жоғарғы және облыстық соттарынан 30 шақтыдай судья Қазақстандағы адам саудасы жағдайымен қоса ұлттық заңнама, адам саудасымен байланысты қылмыстық істерді сот процесінде дәлелдеу қиындықтары, қазіргі бар үрдістер, адам саудасының құрбандарын анықтау бойынша сот тәжірибесі, сондай-ақ адам саудасынан зардап шеккендерге өтемақы беру саласындағы халықаралық тәжірибе сияқты мәселелерді қарастырады. Сонымен қатар қатысушылар құқық қорғау органдары, сот билігі және азаматтық қоғам арасында өзара ықпалдастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылайды.
Жаннет Клетцер, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Басшысының міндеттерін атқарушы: «Қылмыстық әділет жүйесінің негізгі функцияларына қылмыскерлерді жазалау ғана емес, негізінен, адам құқықтарын сақтау, адам саудасынан зардап шеккендердің беделін қалпына келтіру жатуы тиіс. Осыған байланысты, адам саудасынан зардап шеккендердің заңды мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөлу – аса маңызды», - деді.
Төлебай Қожан, Жоғарғы соттың судьясы: «Адам саудасына қатысты қылмыстық істер бойынша сот тәжірибесін талдап қорыту сот шешімдерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ осындай істерді қарастыру кезінде судьялар жиі жіберетін қателерді анықтауға және тоқтатуға көмектеседі», - деп атап өтті.
Бұл іс-шара ЕҚЫҰ Орталығының адам саудасынан зардап шеккендерді қорғауды жақсартуға бағытталған көп жылдық қызметінің бөлігі болып табылады. Орталық Үкіметке және азаматтық қоғамға адам саудасымен күресудегі ұлттық тәжірибені жақсартуда және заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруде қол ұшын беріп келеді.