Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы балалар саудасының алдын алуға қолдау көрсетеді
АСТАНА, 27 қыркүйек 2011 – Балалар үйлерінен және арнайы мектептерден балаларды саудалаудың алдын алу жолдары бүгін Астанада ЕҚЫҰ ұйымдастыруымен өткен талқылау тақырыбы болды.
Іс-шараның мақсаты балалардың ерекше қорғансыз топтарын, атап айтқанда балалар үйлеріндегі және ақыл-есі кем балалардың қорғалуын қайтіп жақсартуға болатыны жөнінде тиісті мемлекеттік органдардың хабардарлығын арттыру болды. Ондай балалар баланы қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қолжетімділікте қиындықтармен жиі кездеседі, сонымен қатар қатыгез қараудан және қанаудан қорғалу секілді негізгі құқықтарынан айырылуы мүмкін.
Басқосуға Парламенттің, Жоғарғы Соттың, Әділет, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Білім министрліктерінің және Бас прокуратураның 30-ға жуық өкілдері, сонымен қатар үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Осы іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Әділет министрлігімен, Қазақстандағы АҚШ елшілігімен, «Феминистік лига» ҮЕҰ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов өз сөзінде: «Адам саудасынан зардап шеккендер жан-жақты көмек пен қолдауды қажет етеді», - деді. «Бұл мекемеаралық және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы біргеістестікті және тығыз қарым-қатынасты талап етеді. Әділет министрлігі жанында құрылған Адам саудасымен күрес мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың адам саудасының алдын алу бойынша әрекеттерін үйлестіреді. Біз балаларды қорғауға бағытталған күш-жігерімізді нығайту үшін осы бастаманы қолдаймыз».
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы, елші Александр Кельчевский: «Балалар саудасының алдын алу және балалардың қорғансыздығын төмендету үшін қауіпсіз орта құру өте маңызды болып табылады. Сол себепті ЕҚЫҰ мемлекеттік ұйымдардың, атап айтқанда білім беру мекемелері мен әлеуметтік қызметтің адам саудасы мәселесін өз құзіреті аясында шешулері үшін қабілеттілігін күшейтуге ат салысады» – деді.
«Феминистік лига» ҮЕҰ-ның президенті Галина Морозова: «Көптеген жетім балалар іс жүзінде сауатсыз, әлеуметтік қарым-қатынасқа бейімделмеген және де мекемелердің қабырғаларынан тыс жерлерде күнделікті жағдайларды меңгеруге қабілетсіз. Сондықтан олар зорлық-зомбылыққа оңай душар болады. Сондықтан қорғансыз балалардың мүмкіндіктерін күшейтуге жәрдемдесуі үшін арнайы мекемелер қызметкерлерін үйрету керек».
Осы кездесу ЕҚЫҰ қолдауымен жүзеге асырылған әлеуметтік қызметкерлердің, психологтар мен мұғалімдердің адам саудасының алдын алу стратегиялары жөніндегі хабардарлығын арттыруға бағытталған жобаны тамамдайды.