ЕҚЫҰ Қазақстанда тәуекелдерді басқару бойынша семинарды қолдауда
АСТАНА, 12 қазан 2016 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен Бельгия, Қазақстан, Қырғызстан, Литва, Тәжікстан мен Өзбекстанның салық және кеден органдарының 80-ге жуық өкілдерінің қатысуымен тәуекелдерді басқару жүйесін әкімшілендірудің халықаралық тәжірибесі бойынша аймақтық семинар басталды.
Екікүндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстандағы Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) және Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетімен тығыз серіктестікте ұйымдастырды.
Қатысушылар өздерінің халықаралық тәжірибесімен бөлісті және кедендік ресімдеуді оңайлату мен аймақтағы сауданың дамуына жәрдемдесудің жолдарын қарастырды. Дүниежүзілік кеден ұйымы, Дүниежүзілік банк, Бельгия мен Латвиядан келген сарапшылар салық және кеден қызметтерінің өзара жемісті ынтымақтастығының мысалдарын көрсетті, сондай-ақ халықаралық және аймақтық қатысушылар арасындағы өзара іс-әрекет мәселелері мен олардың шешу жолдарын талқылады.
«Біздің мақсатымыз адал компанияларға «максималды сенімділікті» қолданумен Қазақстан арқылы сауда мен тауарлар транзитін ілгерілету болып табылады», - деп Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Тәуекелдер, талдау және статистика басқармасының басшысы Эльдар Мамлин атап өтті. «Тәуекелді басқару жүйесін реформалау сыбайлас жемқорлық зардаптарын азайту мен адалдықты арттыру арқылы бизнестің өсуіне ықпал жасайды».
Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы үздік халықаралық тәжірибенің маңыздылығын атап өтіп, барлық деңгейлердегі кеден рәсімдерінің тиімділігін жүйелі ілгерілету өңірдің экономикалық өсуіне алып келетінін баса айтты.
Аталған семинар тиімді басқаруды ілгерілету және аймақтағы сауданы дамытуда қабылдаушы елге қолдау көрсету бойынша Бағдарламалар офисінің көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады.