ЕҚЫҰ ақпаратқа қол жеткізу бойынша жоғары дәрежелі семинарды бірлесіп ұйымдастыруда
АСТАНА, 21 желтоқсан 2015 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен жақында қабылданған Ақпаратқа қол жеткізу туралы және Қоғамдық кеңестер туралы заңдарды іске асыру бойынша семинар өтті. Семинарға 70-ке жуық жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметкерлер, Парламент депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, ұлттық сарапшылар мен журналистер қатысты.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Нұр Отан партиясының фракциясы мен ҚР Президенті жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар мемлекеттік қызметкерлерге ақпарат иелері ретінде және азаматтық қоғам өкілдері мен журналистерге ақпаратты пайдаланушылар ретінде заңдарды іске асыру бойынша қажетті дағды мен білім беруге бағытталды. Қатысушылар транспарентті үкіметтің халықаралық стандарттары мен қағидаттарын, бюджет ашықтығын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар мен үкіметтің қоғам алдында есеп беруді жақсарту шараларын, сонымен қатар ақпарат иелерінің құқықтары мен міндеттерін талқылады. Олар сонымен қатар ақпарат қалай пайдаланылатынын және иелердің қызметі жайлы ақпаратты ашып көрсету әдістерін қарастырды.
Қуаныш Сұлтанов, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы мен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиясы мүшесі: «Ақпаратқа қол жеткізу туралы және Қоғамдық кеңестер туралы заңдарды қабылдау біздің қоғамымыздың ары қарай демократияландыру жолында маңызды қадам болып табылады. Енді мемлекеттік органдар аталған заңдар іс жүзінде қызмет етіп, қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктері барынша пайдаланылу үшін бастаманы өз қолына алу қажет», - деді.
Мирко Гюнтер, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі басшысының орынбасары былай деді: «Жақында қабылданған Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң азаматтардың ақпаратқа сұраныс беру мен оны алу бойынша конституциялық құқығын күшейтеді. Ол сонымен қатар ақпаратты барынша ашу қағидатын қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдарға халықты өз қызметі мен қабылданған шешімдер туралы жүйелі түрде ақпараттандыруға міндеттейді».
Мәулен Әшімбаев, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңды таныстыра отырып: «Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң үш негізгі міндеттерді: барлық деңгейлі мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және бюджеттік саясат пен нормативті-құқықтық актілерді істеуде азаматтардың қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті.
Іс-шара Офистің қабылдаушы елге негізгі бостандықтарды ілгерілетудегі, атап айтқанда ақпаратқа қол жеткізудегі және тиімді басқарудағы көмек көрсетудегі ұзақ мерзімді жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.