ЕҚЫҰ Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау әдістерін оқытуда
АСТАНА, 24 қараша 2015 ж. - Сыбайлас жемқорлықтың туындау мүмкіндіктерін мейлінше кеміту жөніндегі ең үздік тәжірибелер бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен басталған екі күндік тренингтің тақырыбына айналды.
Іс-шараны ЕҚЫҰ Экономикалық және экологиялық мәселелер жөніндегі Офис координаторының (ЭЭМОК) қолдауымен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ынтымақтаса отырып, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі ұйымдастырды.
ЭЭМОК экономикалық кеңесшісі Рул Янссенс пен Еуропалық одақ Кеңесі жанындағы Алаяқтықпен күрес жөніндегі жұмыс тобының бұрынғы төрағасы Игорис Кржечковскис Агенттік пен оның Қазақстанның облыстық бөлімшелерінен келген шамамен 30 өкілін мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен бағалаудың халықаралық тәжірибесімен және стандарттарымен таныстырды.
«Сыбайлас жемқорлыққа кез келген іс-қимыл жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оларды мейлінше кеміту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністерінің шарттары мен себептеріне уақытылы талдау жүргізу негізгі мәселе болып табылады», - деді өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы Наталия Зарудна. «Шетелдік тәжірибе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау тетіктерін қолданушы елдер санының өсіп келе жатқандығын көрсетедi және бұл әдіс тиімді жұмыс істейді деп танылды».
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов Агенттік ағымдағы жылдың басынан бастап сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуге бағытталған жаңа жұмыс нысанын сәтті енгізді деп мәлімдеді. «Қазіргі таңда талдау аясы жеті министрліктің қызметін қамтиды, аталған жұмыс барысында мемлекеттік органдардың қызметінде бірқатар жүйелік коррупциялық тәуекелдер анықталды. Сонымен қатар біз оларды жою жөніндегі ұсыныстар әзірлеп, іс-шаралар жоспарын дайындадық», - деді.
Қатысушылар ЕҚЫҰ қолдауымен дайындалған мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау әдістемелері және осыған қатысты ең үздік тәжірибелер жөніндегі әдістемелік құралмен танысып, сыбайлас жемқорлыққа шараларды күшейту бойынша ұсыныстарды қабылдады.
Іс-шара Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған күш-жігерін қолдау мақсатындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді іс-шараларының жалғасы болып табылады.