ЕҚЫҰ қолдауымен Финляндияға танысу сапары барысында Қазақстан өкілдері сайлауларды өткізу мәселелеріне қатысты озық тәжірибемен танысты
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен Финляндияның Сыртқы істер министрлігі Финляндияның сайлау жүйесінің, осы елде сайлауларды өткізудің институционалдық құрылымы мен құқықтық базасымен танысу мақсатында 2015 жылдың 12 және 16 қазаны аралығында қазақстандық Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрт мүшесіне танысу сапарын ұйымдастырды.
Делегация өзінің фин әріптестерінің сайлау процесін басқару, сайлау комиссияларын құру, сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы мен әлеуметтік жағынан аса мұқтаж сайлаушылардың құқықтарын қорғау және оларды жетелеу мәселелері бойынша соңғы тәжірибелерімен танысып қайтты. Бұған қоса, олар шағымдарды қарауға, дауларды шешуге, әлеуметтік желілерді пайдалануға, сондай-ақ сайлау науқанын бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіруге қатысты әртүрлі мәселелерді талқылады.
Әйел сайлаушылар мен әйел үміткерлер тұрғысынан сайлау құқықтарындағы гендерлік факторға, азшылық қауымның атынан өкілдік ететін шағын саяси ұйымдардың сайлауға қатысу болашағына, тіл мәселелеріне айпықша назар аударылды.
Делегация құрамы сайлаулардың өткізілуіне жауапты Сыртқы істер министрлігі мен Әділет министрлігінің өкілдерімен, Парламенттік омбудсменмен, Жоғарғы әкімшілік сот пен саяси партиялардың мүшелерімен, сондай-ақ фин ұлттық телерадиотарату компаниясының журналистерімен кездесті. Финляндия Парламентіне бару кезінде ОСК мүшелері Парламент мүшелерімен сайлау заңнамасына қатысты негізгі тұжырымдамаларды талқылап, толық мәжіліс барысын бақылады.
Танысу сапарын ұйымдастыруға Астанадағы Финляндия елшілігі мен Хельсинкидегі Қазақстан елшілігі де қолдау көрсетті.
Іс-шара Офистің ЕҚЫҰ қағидалары мен міндеттемелеріне сәйкес сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен есептілігін жақсарту және демократиялық институттарды нығайту мақсатындағы көпжылдық қызметі аясында ұйымдастырылды.