ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы аймақтық семинары кибер қылмыспен күресу тақырыбына өтуде
АЛМАТЫ, Қазақстан, 11 маусым 2015 ж. – Бүгін Қазақстанның Алматы қаласында кибер қылмыспен күресуге арналған екі күндік аймақтық семинары басталды.
Бұл іс-шара Орталық Азиядағы қатысушы мемлекеттер мен Ауғанстанға арналып, ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіптер департаментінің Полиция қызметінің стратегиялық мәселелер бөлімі және ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисімен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (БҰҰ ЕҚБ) ынтымақтастықта ұйымдастырылды.
Ауғанстан, Қазақстан және Өзбекстанның кибер қылмыстарды тергеуде мамандырылған құқық қорғау органдарының 45-ке жуық қызметкерлері шараға қатысуда. Беларусь, Ресей Федерациясы, Түркия, АҚШ және БҰҰ ЕҚБ сарапшылары кибер қылмыспен күресуде, соның ішінде арнайы дайындықтан өткен бөлімдер мен аймақтағы шекара аралық ақпарат алмасу арқылы құқық қорғау органдарының потенциалын арттыру мақсатымен өз тәжірибесімен бөліседі.
Қатысушылар кибер қылмыспен күресу мәселелерін талқылап, қолда бар оқыту мүмкіндіктері мен оқыту модульдері, білікті сарапшыларды жұмысқа алу, деректерді жинау, бюджеттік қаржыландыру және логистика мәселелеріне шолу жасайды. Олар құқық қорғау органдары арасында үйлестікті арттыру жолдарын, соның ішінде өздерінің басқа мемлекеттік құрылымдармен, жеке меншік сектормен, ғылыми орта мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды зерттейді. Сонымен қатар, олар ерекше кибер қылмыс үлгілері мен тергеу және сараптама бөліністерінің қолданысындағы түрлі әдістерін қарастырады.
«2008 және 2012 жылдары «Кибер қылмыс қаупімен күрес» тақырыбында өткен ЕҚЫҰ жыл сайынғы полиция сарапшыларының кездесулері құзыретті және сенімді сарапшылардан тұратын арнайы кибер қылмыспен күрес бөлімдерін дамыту маңыздылығын ерекше атап өтті», - деді ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіптер департаментінің Полиция қызметінің стратегиялық мәселелер бөлімінің басшысы Ги Вине. «Бұл семинар Орталық Азия мен Ауғанстанда кибер қылмыспен күресте құқық қорғау органдарының ілгері дамуына бағытталған оқыту талаптарын, сонымен бірге осы талаптарға сай жолдарды анықтауда алға басқан қадам болып табылады».
Колин Маккалоу, ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисінің саяси мәселелері жөніндегі кеңесшісі былай деді: «Кибер қылмыстың бірінші кезекте ықтимал құрбандары Интернет пайдаланушылар болатындықтан, тергеушілер, прокурорлар мен судьялар әр елде құқық бұзушыларды қудалауда маңызды рөлге ие және сондықтан олар халықаралық және озық тәжірибелермен таныс болатындай жоғары деңгейде дайындықтан өтулері тиіс».
Ішкі істер министрлігі департаментінің басшысының орынбасары Оразалиев Арман былай деді: «Бүгін кибер қылмыс кез келген мемлекеттің ақпараттық жүйесіне қауіп төндіреді. Мұндай қылмыспен күрес трансшекаралық болып табылады. Сондықтан, кибер қылмысқа қарсы тиімді күрес ұйымдастыру халықаралық ынтымақтастықтың айқын механизм дамытуды талап етеді».
Аймақтық семинар ЕҚЫҰ-ның трансұлттық қауіп-қатерлермен, ақша жуумен, терроризмді қаржыландырумен күрестегі және Интернетті қылмыстық мақсаттарда пайдалануды болдырмау қызметінің бөлігі болып табылады.