ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі Астанада «жасыл» экономика мәселесіне арналған бірлескен семинар ұйымдастыруда
![](https://www.osce.org/files/imagecache/10_large_gallery/f/images/hires/9/8/154666.jpg?1517409009)
АСТАНА, 30 сәуір 2015 ж.– Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту тұрғысындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру жөніндегі семинар басталды.
Іс-шара Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі мен Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің және Жасыл Академия ғылыми-зерттеу институтының ынтымақтастығымен ұйымдастырылды. 60-қа жуық қатысушы, соның ішінде Парламент депутаттары,Энергетика министрлігі мен оның ведомстволық департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ бизнес саласының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «жасыл» экономикаға өту мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы қарастыру және аталған саладағы үздік халықаралық тәжірибелерді талқылау мақсатында семинарда бас қосып, өз пікірлерін білдірді.
Қатысушылар 2020 жылға дейінгі ұлттық экономика бағдарламасы шеңберінде зиянды газдардың шығарылымын төмендету шараларының жоспарын әзірлеу, сондай-ақ халықаралық көміртегілік қаржыландыру құралдарын сақтау және орындау әрекеттерін біріктіретін Қазақстандағы қалдықтарды кәдеге жарату және шығарылатын заттардың мөлшерін бақылау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстардың тізімін қабылдады.
«ЕҚЫҰ климаттың өзгеру мәселесін ұлттық және халықаралық деңгейде нақты күш-жігерді талап ететін кешенді мәселе ретінде қарастырады», - дейді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы, елші Наталия Зарудна. «ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттері таза энергетикаға өту, қолда бар табиғи ресурстарды, соның ішінде су мен энергияны, сарқылмайтын энергия көздерін тиімді пайдалану, шөлге айналумен күрес және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелеріне қатысты көп тәжірибе жинақтап үлгерді».
Энергетика министрі Владимир Школьник: «Көмірқышқыл газы шығарылымының жан басына шаққандағы үлесі тұрғысынан, Қазақстан әлемдегі өзге елдерден екі есеге жуық көрсеткішке алда келеді, бұл шығарылатын заттардың мөлшерін кемітудің тиімді жолдарын іздеу қажеттігін меңзейді. Бүгінгі іс-шараның мақсаты аталған мәселе бойынша кесімді диалог құрып, біздің «жасыл» экономикаға өтуімізге арналған заңнаманы жетілдіру болып табылады».
Іс-шара Офистің жасыл өсім және экологиялық қауіпсіздікті нығайту шеңберіндегі тұрақты даму қағидаларын ілгері жылжыту бойынша ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі болып табылады.