ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстанның судьялары үшін адам саудасымен күрес жөнінде семинарлар топтамасын тәмамдауда
АСТАНА, 11 қараша 2014 – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен облыс судьялары үшін адам саудасы жөнінде істерді жүргізудің озат тәжірибесі бойынша семинар-тренинг басталды.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Жоғарғы соттың және Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің көмегімен ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы ұйымдастырған екі күндік іс-шара Қазақстанның барлық облыстарының судьялары үшін өткізілген тоғыз оқыту семинарлар сериясын тәмамдайды.
Семинарға қалалық, аудандық және облыстық соттардың шамамен 400 судьялары қатысуда. Семинарға қатысушылар Молдова, Түркия мен Сербияның сарапшылары ұсынған мәліметтерден адамды саудаға салуға қатысты іс жүргізудің озат практикасы мен халықаралық тәжірибесі туралы біліп алды. Сонымен қатар халықаралық сарапшылар ұлттық қайта бағыттау тетігі шеңберінде адам саудасының жекелеген құрбандарына қатысты сот жүйесінде қолданылатын қағидаттар мен тәсілдермен таныстырды.
Құқық саласындағы белгілі қазақстандық сарапшылар қатысушыларды адам саудасы жөніндегі қылмыстық істерді қараудың озат сот тәжірибесімен, соттағы дәлелдердің күрделі қырларымен және қылмыстардың тиісті санаттағы құралдарымен, сондай-ақ адам саудасымен күрестің халықаралық құқықтық механизмдерін біріктірудің тиімді әдістерімен таныстырды. Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері адам саудасы мен қатыгез әрекеттердің құрбандарына көмек көрсету тәжірибесімен бөлісті.
«Құқық үстемділігі тиімді тергеу және мұндай қылмыстар үшін жазалауды қамтамасыз ету кезінде негізгі элемент болып табылады. Осы тұрғыдан ЕҚЫҰ Орталығы адам саудасымен қарсы күресте қазақстандық тараптың күш салуын қылмыстық істерде де, сондай-ақ әкімшілік-қылмыстық істер бойынша да, оқыту және кәсіби дағдыларды жақсартуды қамтамасыз етуде қолдайды», - деп атап өтті ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы, елші Наталия Зарудна.
Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтының директоры Мұрат Бейбітов: «Адам саудасына қатысты істерді жүргізудің сот тәжірибесін шолу сот шешімдерінің сапасын арттырудың тиімді тәсілі болып табылады. Бұл семинарлар жергілікті сот судьяларына тәжірибелерінің әлеуетін дамытуға септігін тигізеді», - деп атап өтті.
ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы 2010 жылдан бастап судьялар үшін адам саудасы құрбандарын қорғауды күшейтуге және сот әділдігін қол жетімді етуге бағытталған оқыту семинарларын өткізуге қолдау көрсетеді. Осы көп жылғы жобаның нәтижесінде тиісті іс-шараларға қатысқан судьялар мен сарапшылар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысын әзірлеуге және қабылдауға үлес қоса алды, сондай-ақ 2012 жылы қабылданған адам саудасы жөніндегі заңнаманың жобасы бойынша өз ұсыныстарын ұсына алды.
Бұл іс-шаралар Адам саудасымен күрес жөніндегі ЕҚЫҰ әрекеттерінің жоспарын іске асыруға көмек көрсету жөніндегі Орталықтың ұзақ мерзімді қызметінің аясында жүргізіледі.