ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы қатыгез әрекеттердің құрбандарына арналған әлеуметтік қызметтер мәселелері жөніндегі ұлттық диалогты қолдайды
АСТАНА, 17 қыркүйек, 2014 ж. – Бүгін Астанада адам саудасының және отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарын қоса алғанда, қатыгез әрекеттердің құрбандарының арнайы әлеуметтік қызметтерге қолжетімдігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Ұлттық диалогтың іс-шаралары топтамасының шеңберінде дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы және Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының миссиясы Астанадағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Әділет министрлігінің, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың шамамен 50 өкілі Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы 2008 жылғы заңды іске асырумен байланысты сұрақтар шеңберін талқылады. Заң қайырымсыздық салдарынан әлеуметтік бейімделуге мүмкіндігін жоғалтқан адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Қатысушылар тиісті құқық қолдану практикасына, әрі адам саудасының және отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету проблемаларына ерекше назар аударды.
Ресей Федерациясы мен Құрама Штаттардан келген ұлттық және халықаралық сарапшылар әлеуметтік стандарттарды әзірлеудегі және адам саудасының және отбасылық зорлық құрбандарына қызметтер көрсетудегі тәжірибемен және алдыңғы қатарлы практикамен бөлісті. Талқылау нәтижелері бойынша қатысушылар тиісті мемлекеттік мекемелерге арналған ұсынымдар топтамасын әзірледі, ол халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында қолданыстағы ұлттық заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Хатшысы Тастемір Әбішев: «Құрбанға бағдарланған тәсіл мемлекеттік саясатты табысты іске асыру үшін негізгі фактор болып табылады. Ұлттық комиссия әлеуметтік қызметтер көрсетудің әлеуметтік стандарттарын бекіту арқылы құрбандарды қорғау үшін заңнаманы одан әрі дамыту идеясын берік қолдайды», - деді.
ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы, елші Наталия Зарудная: «Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы үлкен дәрежеде адам саудасымен және отбасылық зорлықпен күресуге бағытталып, құрбандар мүдделерін төмен дәрежеде есепке алуда, бұл қайта виктимизацияға, әлеуметтік оқшауландыруға және олардың жағдайының нашарлауына жиі әкеледі. Бүгінгі ұлттық диалог тиісті заңнаманы табысты дамыту мақсатында мемлекеттік мекемелердің, азаматтық қоғам институттары мен халықаралық ұйымдардың әрекеттерін үйлестіруге бағытталады», - деп атап өтті.
Іс-шара заңнаманы және адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу практикасын реформалауда Орталықтың Қазақстанға жәрдем жасауға бағытталған ұзақ мерзімді жұмысының шеңберінде өткізіледі.