ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстанда абақтыда жазасын өтеушілердің санын азайту бастамаларына қолдау көрсетуде
АСТАНА, 12 желтоқсан 2013 жыл – Бүгін Астана қаласында түрмеде отырғандардың санын азайту және Қазақстандағы жазалау саясатын реформалау мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі кездесу өтті.
Iс-шараны ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының қолдауымен Бас прокуратура мен Халықаралық абақты реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды. Жиналғандар абақтыда отырған сотталғандар саны жағынан тізім бастайтын 50 мемлекет қатарынан Қазақстанды шығаруға жәрдемдесу мақсатында ұсынылған бірқатар шараларды талқылап, саралады. Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов «Түрмедегі адамдардың санын азайтудың 10 шарасы» атты ұлттық стратегияны ұсынды. Жоспарда атап көрсетілген іс-шаралар қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуін, электрондық білезіктердің пайдаланылуын және әкімшілік құқық бұзушылар мен шартты түрде босатылған тұлғалар үшін автоматты бақылау құралдарының енгізілуін көздейді.
Сонымен бірге, қатысушылар бас бостандығынан айырудың орнына жеңілдетілген жаза қолданумен, сотталғандарды электрондық бақылау арқылы ымыраға келудің нақты рәсімін айқындаумен, мерзімінен бұрын босату сәттерін кеңейтумен және абақтыда жазасын өтеушілерді әлеуметтік оңалту жолдарымен байланысты жазалаудың балама тәсілдерін қарастырды.
Жиынға мемлекеттік органдар өкілдері, парламент депутаттары, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес мүшелері, судьялар мен адвокаттар, жергілікті және халықаралық құқық сарапшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдері - атап айтқанда, барлығы 250 астам қатысушы қатысты. Жүргізілген талқылау ҚР Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқарушылық кодекстерінің жобаларын қарастырып жатқан жұмыс органдары мүшелеріне нұсқаулық ұсынуға бағытталған.
ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, елші Н. Зарудна: «ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттер бас бостандығынан айыру мекемелерінде адам құқықтарының қорғалу мәселесіне қолдау көрсетеді. Түрмеде отырғандардың санын азайту осы қағиданы ұстануда басты міндет болып табылады».
Кездесу Орталықтың Қазақстан өкіметі мен азаматтық қоғамына қылмыстық сот төрелігі жүйесін реформалауда қолдау көрсету жұмыстарының аясында өтті.