ЕҚЫҰ Батыс Қазақстан өңірінде «жасыл даму» саясатын ықпалдасуда
ОРАЛ, Қазақстан, 22 қараша 2013 жыл –Бүгін Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында экологиялық өсу және Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу мәселесіне арналған аймақтық конференцияға 70 астам маман қатысты. Аталмыш шара ЕҚЫҰ қолдауымен өткізіліп отыр.
Іс-шара Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің және Жайық- Каспий Орхусс орталығының ынтымақтасуымен ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің жұмысына Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының бизнес, ғылыми орта өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Конференция жергілікті көшбасшыларға, басқарушылар мен сарапшыларға экологиялық таза экономикаға көшудің және әр аймақтың өзіне тән мұқтаждықтарды қанағаттандыру кезіндегі «жасыл» шешімдерді іздестірудің мүмкіншіліктерін талқылауға мүмкіндік берді. Мұнымен қоса, Батыс Қазақстан облысының инновация орталығы конференция қатысушыларына ЭКСПО-2017 дайындық аясындағы пилотты жобаларды таныстырды.
«Жасыл экономикаға және «жасыл» дамуға көшу қазіргі халықаралық тәжірибенің басшылыққа алынуымен үкімет, жергілікті билік органдары, кәсіпорындар, азаматтық қоғам ұйымдары және бүкіл азаматтар тарапынан орындалатын іс-қимылдардың үйлесімі мен ынтымақтастықты талап ететін шешімді қажет ететін күрделі міндет», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, елші Наталия Зарудна.
Батыс Қазақстан облысының Табиғат ресурстары және экологиялық реттеу басқармасының бастығы Амангелді Дәулетжанов: «Бүгінгі заманауи замандағы қарқынды экономикалық даму табиғат ресурстарын сақтап қалып, дұрыс пайдаланылуына көптеген қиындықтар келтіруде. Өз қалпына қайта келмейтін ресурстарды сақтап қалу, энергияның балама көздерін кеңінен пайдалану және жасыл экономиканы дамыту – біздің өңірдің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі».
Конференцияның жұмысы ЕҚЫҰ қолдауымен бұған дейін де бүкіл ел аумағында, атап айтқанда, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда және Павлодар қалаларында өткізіліп келген іс-шаралармен қорытындыланды. Аталмыш шаралар Қазақстанның жасыл экономикаға көшудегі ұлттық стратегиясын жүзеге асыру үшін әлеует құруға және мәлімет алуды арттыруға бағытталған.
Елші Наталия Зарудна Оралға жасаған сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесіп, ағымдағы және болашақтағы ынтымақтастықтың мән-жайын талқылады. Бұған қоса, елші Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ЕҚЫҰ ұстанымдары, құндылықтары жөнінде баяндама оқып, студенттер мен оқытушыларға арналған іс-шаралар туралы айтты.