ЕҚЫҰ Қазақстанда адам құқықтары мәселелерінің талқылануына қолдау көрсетуде
ШЫМКЕНТ, Қазақстан, 8 қараша 2013 ж. – бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау саласындағы жағдай туралы жыл сайынғы баяндаманың талқылануына арналған, ЕҚЫҰ қолдауымен өткізіліп отырған дөңгелек үстел өз жұмысын бастады.
Мемлекеттік және қоғамдық сарапшылардан құрылған жұмыс тобы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясының ынтымақтасуымен, ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының, Ұлыбритания елшілігінің және Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен арнайы баяндама дайындады.
Ел заңнамасын және қолданылатын тәжірибелерді талдау нәтижесі бойынша аталған тұлғалар адам құқықтары мәселесіндегі жағдайларды, соның ішінде Қазақстандағы көшіп-қонушылардың құқықтарын жақсарту бойынша өз ұсынымдарын дайындады. Бұған дейін Астана, Алматы және бүгін Шымкент қаласында өткізілген кездесулерге барлығы 340 жуық парламент, үкімет, жергілікті басқару органдарының, адам құқықтары жөніндегі ҮЕҰ, дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері, сонымен қатар университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
«ЕҚЫҰ мүше мемлекеті және негізгі халықаралық конвенциялардың қатысушысы болып табылатын Қазақстан бүкіл азаматтардың адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына жүктеді», - деп мәлімдеді ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, елші Наталия Зарудная. Ол: «Дайындалған баяндамаларда осы салада қол жеткізілген жетістіктер мен ықтимал қиыншылықтар жазып көрсетілген. Олар ЕҚЫҰ ұстанымдары мен міндеттемелеріне сәйкес азаматтардың құқықтары мен бостандығы сақталу мәселесін жетілдіруде таптырмас құрал болып табылады», – деді.
Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев: «Біз осы ұсыныстар қоғам игілігі үшін адам құқықтары, соның ішінде әлеуметтік жағынан осал топтар құқықтарының одан әрі де қорғалуы мақсатында үкімет пен азаматтық қоғам институттарының талпынысын бір арнаға тоғыстыруға септігін тигізеді деген ойдамыз»,- деп атап өтті.
ЕҚЫҰ Орталығы сонымен бірге екі баяндаманың да орыс, қазақ және ағылшын тілдеріне аударылып, әрқайсысының жеке-жеке жарық көруіне жәрдемдесті.
Мұнымен қоса, Орталық басшысы Шымкент қаласында жергілікті басқару органдарының, ҮЕҰ өкілдерімен кездесіп, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ЕҚЫҰ ұстанымдары мен құндылықтары, Орталықтың қызметі туралы баяндап өтті. Бұдан соң Орталық басшысы Орхус конвенциясының Қазақстанда орындалуына септігін тигізетін ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының қолдауымен құрылған Орхус орталығына барып қайтты.