Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы полиция өкілдерінің адам құқықтары бойынша білім алуларына қолдау көрсетуде
АСТАНА , 25 қазан 2013 ж. – Бүгін ЕҚЫҰ қолдауымен Астана қаласында полиция мектептеріндегі нұсқаушылардың адам құқықтары саласындағы білімі мен дағдыларын арттыруға бағытталған «тренерлерге арналған тренинг» әдістемесі бойынша семинар өтті.
Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының және ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлесуімен ұйымдастырылған семинарға Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы қолдау көрсетіп отыр.
Семинар жұмысына жиырма қатысушы бас қосып, үздік практика мен халықаралық тәжірибені талқыға салып, интерактивті жаттығулар өткізді. Қатысушыларға қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Адам құқықтары саласында білім беретін болашақ полицейлерге арналған оқулық» табыс етілді. Тренингке қатысқан полицей нұсқаушылар адам құқықтары бойынша алған білімдерін әріптестері арасында оқытатын болады.
«Демократиялық полиция қызметінің басты ерекшелігі – заң үстемдігі және адам құқықтарының қорғалуы. Полиция жұмысының ашық жүргізілуі және қоғам мен полиция арасындағы ара-қатынастар мен диалогтың нығайтылуы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі теңдессіз құрал», деді Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Басшысының орынбасары Жаннет Клетцер.
Мұнымен қоса ЕҚЫҰ Орталығы қолдау көрсетіп келген адам құқықтары саласында білімді полиция мектептері мен колледждердің оқу бағдарламаларына енгізу туралы көп жылдық жобаның нәтижелері талқыланды.
«Аталған бағдарлама біздің мектептерде полиция офицерлерінің жаңа буынын дайындауға шешуші құралға айналды. Біз олардың адам құқықтарын қорғау мәселесіндегі кәсіби білімі мен дағдыларын бұдан әрі де нығайтып, күшейтуге ниеттіміз», деді Ішкі істер министрлігі Кадрлық жұмыс департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Дәулен Ахметов.
Жоба Орталықтың Қазақстанда демократиялық полиция қызметіне қолдау көрсетуде атқаралып келе жатқан жұмыстарының бір бөлшегі болып табылады.