Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы гендер мен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты оқу семинарын өткізуде
БУРАБАЙ, ҚАЗАҚСТАН, 12 шілде 2013 ж. – бүгін Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Бурабай жерінде Қазақстанның орталық пен жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарындағы гендерлік тепе-теңдікке жауапты 50-ге жуық қызметкерлері гендерлік мәселелер, әйелдер мен олардың қауіпсіздігіне байланысты екікүндік халықаралық оқу семинарына қатысуда.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы және Әйелдер мен отбасы-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссиясы бірлесіп өткізген іс-шара Қазақстанда гендерлік тепе-теңдік қағидаларының қалай жүзеге асырылып жүргендігі мен әйелдерге қатысты дискриминацияны туғызатын тәжірибелерді шолуға арналды.
Әлеуметтік-экономикалық саясат пен ұлттық даму бағдарламаларына гендерлік тепе-теңдікті енгізуге негізгі ықпал ететін бюджет пен статистиканы қалыптастырудағы гендерлік тәсілді қолдануға байланысты Босния мен Герцеговина, Болгария және Литвадан келген сарапшылар өз елдерінің тәжірибесімен бөліседі.
Сонымен бірге қатысушылар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік жөніндегі 1325 Резолюциясын ұлттық деңгейде жүзеге асыру жолдарын талқылайды. Резолюцияда қақтығыстарды шешуде делдал ретінде әйелдердің әлеуетін пайдалану және гендерлік көзқарастың бейбітшілік пен қауіпсіздікке байланысты саясат пен бағдарламаларда қолдануының қажеттілігі көрсетілген.
Семинар барысында қауіпсіздік пен құқық қорғау мекемелеріндегі әйелдердің қызметіне байланысты жағымсыз көзқарастан бас тарту, полиция мен қарулы күштердегі әйелдердің қазіргі орны туралы ережелер және бұл салалардағы гендерлік тең құқықтылықты қамтамасыз етуге байланысты ұлттық заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелер талқылауға салынады.
«Гендерлік тепе-теңдік қоғамның барлық мүшелеріне бірдей сақтық қорларды бөлу, ережелерді құру және шешім қабылдау туралы сөз қозғалғанда ер адам мен әйел адамдардың тең құқықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерде жатыр. Сондықтан гендерлік тепе-теңдікті бөлек проблема ретінде қарастыруға болмайды, бұл үздіксіз процесс, ол күш-жігердің үнемі жаңартылуын қажет етеді», - деп Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы, елші Наталия Зарудна өзінің алғы сөзінде айтты.
Әйелдер мен отбасы-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссияның басшысы Гүлшара Әбдіқалықова өзінің сөзінде: «Әлеуметтік-саяси өмірде гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету Ұлттық комиссия қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Біз әйелдердің заң шығару мен атқару органдарында одан әрі ілгері жылжуына ұмтылуға ниет білдіреміз», - деп атап өтті.
Аталған іс-шара Қазақстанның мемлекеттік органдарында гендерлік мәселелермен айналысатын үйлестірушілердің жүйесін әрі қарай дамытуға байланысты ЕҚЫҰ Орталығы жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.